Мұндай шешім туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесуде айтты. Мемлекет басшылары 2021 жылғы 30 қыркүйекте Көкшетауда өткен екі елдің XVII өңіраралық ынтымақтастық форумының жұмысына қатысты.
Форумда трансшекаралық су объектілерін басқаруға, климаттың өзгеруі мен декарбонизация проблемаларына, жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғауға қатысты маңызды мәселелер қаралды. Іс-шараға қатысушылардың пікірінше, экологиялық жағдайдың нашарлауы халықаралық деңгейде бірлескен күш-жігерді жандандыруды талап етеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Қазақстан мен Ресейдің көршілес мемлекет екенін ескере отырып, көптеген проблемалар шын мәнінде екі мемлекет үшін ортақ болып табылады. Оларды шешу үшін үкіметтер экология, биоалуантүрлілікті сақтау, трансшекаралық су объектілерін бірлесіп пайдалану және қорғау саласында жеті келісімге қол қойды. Келісімдер жоспарлы түрде жүзеге асырылуда.
Экологияны қорғауда, көміртектік бейтараптыққа көшу процесінде шығарындылардың нөлдік теңгеріміне қол жеткізуде маңызды бағыттардың бірі газ саласын дамыту болып табылады.
Қазақстан Президентінің айтуынша, газды отынның анағұрлым таза түрі ретінде пайдалану ерекше назар аударуға тұрарлық. Қазақстандағы газ саласының инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін бірқатар жүйелі шаралар қабылдануда, газға баға белгілеудің жаңа нарықтық тәсілдері айқындалды. Бұл газ жобаларына салынатын инвестициялық салымдарды тиімдірек етеді.
"Біз "ҚазТрансГазды" ресейлік "Газпромға" ұқсас етіп трансформациялау туралы шешім қабылдадық. Компания толыққанды вертикалды интеграцияланған ұлттық газ компаниясы болады. Газдың ресурстық базасын ұлғайту үшін Ресеймен бірлескен "Хвалынское" және "Имашевское» ірі жобаларын уақтылы жүзеге асырудың маңызы зор. "Газпроммен" коммерциялық мәселелерді тез арада шешу маңызды, бұл аталған жобаларды іске асыруды жеделдетеді",-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Баламалы энергия өндірісінің тағы бір перспективалы бағыты атом және сутегі энергетикасы болып табылады, деп есептейді Қазақстан Президенті. Қазір Үкімет Қазақстанда қауіпсіз атом энергетикасын дамыту және энергетиканың мүлдем жаңа түрі – сутекті энергетиканы іске қосу мүмкіндіктерін зерделеуде.